НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтандағы «Көшпенділер шайқасы-2» бокстың басты бәсекесінде қазақстандық Айдос Ербосынұлы қарсыласын нокаутпен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айдос Ербосынұлы (15-0, 10 КО) өзі үшін маңызды кездесуде ганалық Леннокс Алленмен (22-1-1, 14 КО) жұдырықтасты.
12 раундқа есептелген жекпе-жекте қарсыластар бір-біріне соққы дарытып бақты. Дегенмен оныншы раундта Айдос ганалық боксшыны бұрыштан шығармай, ұрып жықты. Сөйтіп ол техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша бұған дейін 15 кездесуінің 10-нын нокаутпен аяқтаған А.Ербосынұлы өз спорттық жолындағы ең маңызды табысына қол жеткізіп, WBA сериясы бойынша әлем чемпионы атағына таласуға үміткер атанды. Ал Л.Алленнің бұл екінші жеңілісі еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Фируза Шәріпованың қарсыласын нокаутпен жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).