Елордадағы Есіл өзінің жағалауында Жеңіс мерекесіне арналған концерт өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы Есіл өзенінің жағалауында орналасқан Амфитеатрда Жеңіс күніне арналған «Отанға қызмет – ұлы құрмет» атты концерт өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Концертте «Сарыарқа» халық музыка ансамблі, «НАЗ» мемлекеттік би театры, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының үрмелі аспаптар оркестрі, «Терра» би театры мен өзге де республикалық және халықаралық вокал конкурстарының жеңіпмаздары өнер көрсетіп жатыр.


«Астана қалалық мәдениет басқармасы және оған қарасты басқа да кәсіпорындармен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне арналған концерт өткізіп жатырмыз. Бірінші кезекте ол, әрине Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне арналады. Концертке Астана қаласының тұрғындары мен барша қонақтарын шақырамыз. Мұнда өзіміздің отандық композиторлардың әндері мен соғыс жылдарындағы туындылар шырқалады. Сонымен қатар, М. Горький атындағы орыс драма театрының ұжымы көрермендер назарына театрлық қойылым ұсынады», - деп мәлім етті Астана қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Камзин.


Мерекелік концертті тамашалауға келген тұрғындар мен қала қонақтарының қатары қалың.

«Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Оны өсіп келе жатқан балаларымыз білуі керек. Ұмытуға болмайды! Сондықтан бүгін осындай концертке немерелерімді әкеліп отырмын. Жеңіс мерекесі құтты болсын!», - деп пікір білдірді концертті тамашалауға келген елордалық тұрғын Гүлзада Есенова.