Елордадағы этно ансамбль ұжымы Елбасына ізгі тілектерін білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтандағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Қорқыт» этно ансамблінің ұжымы коронавируске шалдыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың деніне саулық тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ елі – барлық ұлтты бір шаңырақ астына жинаған құтты қоныс, мейірімді мекен, бірлігі мықты, мәртебесі асқақ мемлекет. Қашанда рухы - өр, тәні-бекем мемлекеттің әрбір жасалған істерінің нық болуы ол Сіздің ел үшін атқарған еңбектеріңіз екені айдан-анық. Тезірек сауығып кетуіңізді тілейміз. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ұлттық өнеріміздің дамуына және қолдау көрсеткеніңізге алғыс білдіреміз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге Алтын Орда хандығының 750 жылдығы аясында 75 шығарма орындап, Гиннесс рекордтар кітабына енген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно ансамблінің ұжымы атынан зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз!» - деді «Қорқыт» этно ансамблінің концертмейстері Айбек Әрімбек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың COVID-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткені бұған дейін хабарланған болатын.

Бүгін Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тұңғыш Президенттің денсаулығына қатысты алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

Сондай-ақ ол қазақстандықтардың бірлігі, олардың ізгі және шын көңілден білдірген тілектері Нұрсұлтан Назарбаевқа күш беретінін және Елбасы өзіне жазылған хаттар мен телеграммаларды оқып шығатынын жеткізді.

Бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путин Тұңғыш Президентке хат жолдап, телефон арқылы да сөйлескен болатын. Сондай-ақ Түркия Президенті Режеп Ердоған, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео, Тәжікстан мен Израиль басшылары, Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди хабарласып, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өнер және қоғам қайраткерлерінен, ЖОО ректорларынан, депутаттардан, көптеген еңбек ұжымдарынан телеграммалар түсіп жатыр.