Елордадағы Қазақ агротехникалық университетінде «Алғашқы студенттік күз» дәстүрлі байқауы мәреге жетті

АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен сенбі күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Алғашқы студенттік күз» дәстүрлі байқауы үлкен гала-концертпен аяқталды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Алғашқы студенттік күз» байқауы университет қабырғасында осымен 12 жыл қатарынан өткізіліп отыр және оның басты мақсаты - 1 курс студенттерін бір-бірімен етене таныстыру, олардың арасынан белсенді де таланттыларды анықтап, ынталандыру.

Үш күнге созылған өнер додасына 8 факультеттен барлығы 600-ге жуық бірінші курс және оларды концертке дайындаумен айналысқан 400-ге жуық жоғары курс студенттері қатысты.

 Байқаушылар ән-би жанрында, қазақтың ұлттық және заман ағымына сай әуендер мен билерді ұсынса, аспазшы жанрында жеке және оркестрмен домбыра, жетіген, дауылпаз, сылдырмақ сынды аспаптарда өнерлерін көрсетті. Мәнерлеп оқу сайысында авторлық және танымал ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ С.Сейфуллиннің 115 жылдығына және оның есіміне ие Қазақ агротехникалық университетіне өз арнауларын жолдады. Ал «көңілділер мен тапқырлар» ұтқыр әрі ұтымды қалжындармен көрермендерді күлкіге бөлесе, таңғалдырарлық жанрында жеткіншектер, шыны сынықтардың үстінде жүрді,  акробатикалық өнерлерін ортаға салды.  

Қазылар алқасының төрағасы, оқу орнының Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Александр Майердің айтуынша, бірінші курс студенттері университет табалдырығын кеше ғана аттағанымен,  тәжірибелі әртістерден кем түспей, үлкен шоу-қойылым ұсынды.

Ең үздік шыққан нөмірлер гала-концертке таңдап алынып, оның барысында жеңімпаз факультеттер жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды - техникалық, екінші орынды - энергетикалық және үшінші орынды жерге орналастыру факультеттері иеленді.

Айта кетейік, үстіміздегі қазан айының соңында осы жастарды студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтеді. 2009-2010 оқу жылында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне 1 мың 500-ге жуық талапкер оқуға түсті.