Елордадағы Қазіргі заман өнер мұражайында Кеңес Одағы уақытында фарфор зауыттарынан шыққан бұйымдардың көрмесі ашылды

АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында Валерий Семеновтың жеке жинағынан Кеңес Одағы кезінде ірі фарфор зауыттарынан шыққан бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Көрме-жәрмеңкеге коллекционердің 200-ден астам жәдігері қойылды.

В.Семенов жұбайымен және баласымен бірге Кеңес уақытында шыққан фарфор бұйымдарды жинау ісін 6 жыл бұрын бастаған және жинақ қорын үнемі толықтырып отыру үшін шет елдерге арнайы сапарлар жасайтын көрінеді.

Алуан түрлі тақырыпта ұсынылған бұйымдардың бағасы, олардың жасалу жолы мен тарихына байланысты 2 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін бағаланып отыр. Мысалға, олардың арасынан орыс жазушылары Гоголь мен Пушкиннің шығармашылығындағы кейіпкерлерді, сондай-ақ халық тіршілігіне, ертегілерге, ана мен бала махаббатына, жан-жануарлар мен әскери адамдардың қызметіне арналған мүсіндерді кездестіруге болады.

Мұражайға өзінің шағын жинағын қойған тағы бір коллекционер Виктор Семыкиннің айтуынша, Астанада 100-ден астам жәдігерші тұрады және олар ұйымдасушылықтың жоқтығынан, өз экспозицияларын, өкінішке қарай, үйлерінде сақтап отыр. Жәдігершілер фарфор бұйымдарына арналған алғашқы іс-шара олардың назарын аудартып, көрмені басқа тақырыптар бойынша жалғастыруға мүмкіндік беретініне сенім артуда.

Көрмеге қойылған бұйымдар М.Ломоносов атындағы Ленинград фарфор зауытында, сондай-ақ Дулев, «Вербилки» Дмитров, Гжель, Киев зауыттарынан шыққан.