Елордадағы «Кенесары» тұрғын үй кешенінен өрт шығып, 5 жасар баланы күйік шалды

АСТАНА. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат - Елордадағы «Кенесары» тұрғын үй кешенінен өрт шығып, 5 жасар баланы күйік шалды.

Бұл ақпаратты еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, бүгін таңғы сағат 04:16-да Сарыарқа ауданында орналасқан 12 қабатты «Кенесары» тұрғын үй кешенінде өрт шығып, араға шамамен 2 сағат уақыт салып сөндірілді. Жалын тілі 20 шаршы метр аумақты шарпыған. Күйік шалған 5 жасар сәби ауруханаға жеткізілді. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында 47 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Өртті сөндіруге ҚР ТЖМ Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 25 маман мен 6 техника жұмылдырылды.