2015 жылдың 17 сәуірінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев «Beeline Қазақстанның» бас директоры Тарас Пархоменкомен кездесу өткізді.
Кездесу барысында «Beeline Қазақстан» компаниясы үстіміздегі жылы елорданың 100 қоғамдық көлігінде тегін интернет жүйесін іске қосатыны туралы келісілді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап 50 қалалық автобус жолаушылары тегін интернетпен қолдана бастаса, 1 қазаннан бастап тағы 50 автобуста тегін интернет іске қосылады.
- Бүгінде смартфондар мен планшеттерді пайдалану деңгейі күн санап артып келе жатқандықтан, елорда тұрғындары үшін мобильді интернеттің кез келген жерде қолжетімді болуына қажеттілік туындап отыр. Аталған жобаның басымдылығы - жолаушылардың барлығына бірдей қолжетімді болуында және бұл ретте олардың қай байланыс операторының қызметін пайдаланатыны маңызды емес, - деді әкім орынбасары Н. Әлиев.
Жобаның серіктестері - Астана әкімдігіне қарасты мекемелер: «Астана Innоvations» АҚ инновациялық даму операторы және елорданың көлік инфрақұрылымы дамуының операторы «Астана LRT» ЖШС, деп хабарлайды astana. kz.