Оқиға барысында «Тойота-Камри» автокөлігі «Фольксваген -Пассат» автокөлігімен соқтығысып, нәтижесінде жаяу жүргіншілер зардап шеккен болатын. Бүгін Астана қалалық ішкі істер департаментінде өткен баспасөз мәслихатында осы оқиғаға байланысты мағлұмат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қалалық ІІД тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораздың айтуынша, жол апаты салдарынан 1937 және 1959 жылы туылған қала тұрғындары оқиға орнында көз жұмған. Сондай-ақ әр түрлі жарақат алған тағы төрт адам ауруханаға жеткізілген.
«Қазіргі уақытта «Тойота-Камри» көлігінің жүргізушісі қарсы келе жатқан автомобильге жол бермеді деген күдікпен Астана қалалық ішкі істер департаментінің Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 296 бабының 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер жүргізушінің қылмысы дәлелденсе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», дейді Н.Ораз.
Екі көлік те қазіргі уақытта айып тұрағына жеткізілген. Алдын ала тергеу жұмыстары барысында екі жүргізуші де автомобильді ішімдік ішпей басқарғаны анықталып отыр.