Елордадағы Конгресс-Холлда «Ән жүрегім - Астана» ән байқауының гала-концерті өтті

None
АСТАНА. Шілденің 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін елордадағы Конгресс-Холл сарайында «Ән жүрегім - Астана» ән байқауының гала-концерті өтті.

Астана - өнер әлеміне қадам басқан жас орындаушылардың, сазгерлер мен ақындардың асқақ арманын үкілеген ару қала. Астана жайлы әндер асқақ арманға, өр мақсатқа, туған жерге деген сүйіспеншілікке толы. Концерт көрермендері әр әннің мәтінінен азаматтық-патриоттық толғаныстар мен жас қалаға деген үлкен махабатты сезіне алды.

Байқау ағымдағы жылдың мамыр айында өткізілді. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 19 үміткер қатысқан болатын.

Жас таланттарды ынталандыру және алдағы шығармашылық жолға жігер беру мақсатында жастармен бірге Конгресс-Холл сахнасында Қазақстан эстрадасының асқақ жұлдыздары Айжан Нұрмағамбетова, Нұржамал Үсенбаева, Маржан Арапбаева және тағы басқалар өнер көрсетті.