Елордадағы сенбілікте қала көшелерінде 2700 көшет отырғызылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша көктемгі экологиялық айлық басталды, ал 19 сәуірде «Біз таза қаланы қолдаймыз» жалпы қалалық сенбілігі өтеді.

Бұл туралы astana.kz сайтына елорда әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.

Экологиялық айлық шеңберінде қала аумағын санитарлық тазарту; көшелер, тротуарлар және орамішілік аумақтарды жинау жұмыстары; Есіл өзенін, Ақбұлақ жылғасын, Сарыбұлақ жылғасын қоқыстан және басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазарту; нөсерлік және арық-науалы кәріз жүйелерін тазартуды жүргізу; саябақтар мен шағын бақтардағы жасыл желектерге күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстарды, көгал алаңдар мен гүлзарлар ауданын жайластыру бойынша іс-шараларды өткізу; қар еріген соң қар үйінділердің аумақтарын санитарлық тазарту және қалпына келтіруді қамтамасыз ету және т.б. жоспарланған. Экологиялық айлық 7 мамырға дейін жалғасады.

19 сәуірде жыл сайынғы жалпықалалық сенбілік өтеді. Оған шамамен 93000 адам, 8500 кәсіпорын және ұйым, 170 оқу орындары, 360 ПИК қатысуы жоспарланған, 450 жуық техника тартылмақ.

Бұдан басқа, биыл сенбілікте 2 700 көшет отырғызылады. Соның ішінде, Алматы ауданында 1 000 (Қалдаяқов көшесі және 46-көше), Есіл ауданында 1 500 (Тұран даңғылынан бастап Еңбекшілер көшесіне дейін Жәнібек пен Керей хандар көшесі) және Сарыарқа ауданында 200 ағаш (Тілендиев көшесі) отырғызылады.