Елордадағы Шұғыла көшесі 15 шілдеге дейін ішінара жабылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы Шұғыла көшесінің учаскелері ішінара жабылады. Сондай-ақ, Қордай көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы толық тоқтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сұлукөл көшесіндегі тұрғын үйлерді орталық жылумен қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының келісімі бойынша отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Шұғыла көшесіндегі жылу трассасын салу жобасы аясында жұмысқа кірісті.

Осыған байланысты 22 маусымнан 15 шілдеге дейін Шұғыла көшесінің Н. Тілендиев даңғылынан Ардагерлер көшесіне дейінгі учаскелері кезең-кезеңмен ішінара жабылады.

Сондай-ақ, Қордай көшесіндегі учаске жөндеу жұмысына байланысты уақытша жабылады.

Елордалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасымен келісе отырып, Қордай көшесінде орташа жөндеу жұмысын бастайды.

Жөндеу жұмысының жүргізілуіне байланысты 22-25 маусым аралығында Қордай көшесінің Б. Момышұлы даңғылынан Балқантау көшесіне дейінгі учаскесінде көлік қозғалысы толығымен жабылады.

Елорда тұрғындары мен қонақтары қала жолдарында кептеліс тудырмас үшін қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет.