Елордадағы Ұлттық кітапханада «Қазақстан» газеті туралы кітаптың таныстырылымы болды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстан» газеті туралы кітаптың таныстырылымы болды.

Аталмыш шараға Мәжіліс депутаттары Шавхат Өтемісов, Самиғолла Оразов, Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқар, «Заман Қазақстан» газетінің бас директоры Ахмет Аляз, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, ғалым Қайрат Сақ, тарихшылар, журналистер қатысты. Олар «Қазақстан» тарихы туралы кітаптың еліміздің шежіресін жинақтап, өткенін түгендеуге қосылған сүбелі үлес екендігін атап өтті.

«Қазақстан» кітабын Батыс Қазақстан облысындағы «Жайық Пресс» ЖШС «Қазақстан» газетінің 100 жылдығына және облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орай жарыққа шығарған болатын.

Таныстырылымға қатысқан «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, «Қазақстан» газеті - 1911 жылғы 10 наурыздан 1913 жылғы қарашаға дейін жарық көрген алғашқы қазақ басылымдарының бірі.

1913 жылы патша үкіметінің қысымымен жабылған қазақ газеті Кеңес өкіметі жылдары екінші мәрте қуғын-сүргінге ұшырады. Газет тігіндісі Санкт Петербор мен Мәскеу қалаларында ғана сақталды. Газетті шығарушы Ғұмар Қараш 1921 жылы қастандықпен өлтірілсе, редакторы Елеусін Бұйрин қудаланып, 1932 жылы Тәжікстанда аштықтан қаза тапты. Ал өз заманында прогрессивтік идеялардың жаршысы болған «Қазақстан» газеті туралы айтуға, жазуға рұқсат болмады. 1947 жылы арнайы қаулы шығып, ғұлама ақын, ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың шығармаларын оқуға, насихаттауға тыйым салынды.

«Қазақстан» газетін шығарушылар тарихта алғаш рет «Қазақстан» атауын ресми қолданып, айналысқа енгізді. Бұған дейін барлық ресми құжатта қазақ атауы «киргиз», «киргиз-кайсаки» деп бұрмаланып келсе, газетті шығарушылар «Қазақ» атын ұлттың ғана емес, мемлекеттің атауы ретінде көтере білді. Арада дәл 80 жыл уақыт өткенде, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы» аталатын тәуелсіз мемлекет пайда болды.

«Қазақстан» газетінің ресми редакторы - Елеусін Бұйрин. Ал газетті ұйымдастыруға, шығаруға Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сәлімгерей Нұралыханов, Мұстафа Көкебаев, Батырхайыр Ниязов, Бақтыгерей Құлманов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Мәметов, Ғұбайдолла Бердиев т.б. көп үлес қосқан. Жетісудан Сейітбаттал қажы Маманов, Құдайберген Тұрысбеков, Ишанғұл қажы Маманов, Ғайдмахмұт Тұрысбековтер қаржылай көмектескен. Бакуден әзірбайжан меценаты Зейнелғабиден Тағиев 1000 сом жәрдем берген.

«Қазақстан» газетінде мақалалар негізінен қазақ тілінде болған, қосымша орыс, татар тілдерінде мақалалар жарияланған.

«Қазақстан» газеті сол кезеңдегі өте прогрессивті идеяларды көтерген, халыққа өнер-білім жолын ұсынған, отырықшылыққа шақырған, нақты кәсіби кеңес берген озық ойлы басылым болды. Газет мақалаларында көтерілген мәселелердің арада бір ғасыр өткенде де өте өзекті екендігі анық көрінеді.

«Жайық Пресс» ЖШС-ның жүйелі жұмысы нәтижесінде 2012 жылы тұңғыш рет «Қазақстан» газетінің орыс мұрағаттарындағы барлық саны Қазақстанға әкелінді. Араб әрпіндегі мақалалар кириллицаға түгел аударылып, түпнұсқамен бірге кітап болып жарық көрді. Бұл жинақта «Қазақстан» газеті және оны шығарушылар мен зерттеушілер туралы деректер топтастырылып, олардың мақалалары берілген.