Елордадағы жол қиылысында билеген ер адам ұсталды
Жол қиылысында би билеп, ел назарын өзіне аударған 33 жастағы жігіт екені анықталды. Оның бұл әрекеті қиылыстағы жол қозғалысын бақылау үшін қойылған бейнекамераға түсіп қалған.
«Елорданың 33 жастағы тұрғыны өз әрекетімен жол қозғалысы ережелерін бұзып, көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтірді. Мас бишіні патрульдік полиция жасағы келгенге дейін жүргізушілердің бірі жол жиегінде ұстап тұрған. Тәртіп бұзушы полиция басқармасына жеткізілді. Қоғамдық орында мас жүргені үшін және жаяу жүргіншілердің қозғалыс ережелерін бұзғаны үшін ол Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 615 және 440-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп жазады Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері қала тұрғындарынан осыған ұқсас тәртіпсіздіктерге кез болса, бірден «102» нөміріне хабарласуды сұрап отыр.
Бұған дейін астанадағы Керей-Жәнібек және Мәңгілік Ел көшелерінің қиылысында бойжеткен би билеп, полиция оған түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын.