Елордадағы жылу электр орталықтарының қуаты артады - Жеңіс Қасымбек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданы жылумен қаматамасыз ететін 2 орталықта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаламызды жылумен ЖЭО-1 және ЖЭО-2 қамтамасыз етеді. Осы жылу электр орталықтарына жаңғырту жұмысын жүргіземіз. ЖЭО-2-де 7 және 8 қазандықтың құрылысын жобалау ісі жүріп жатыр. Бұл қазандықтар сағатына қосымша 360 гигакалория қуат береді. Сондай-ақ, ЖЭО-2 турбинасын жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, ол электр қуатын 35 мегаватқа арттырады. ЖЭО-1-де 3 газ-мазутты қазандығы газға ауыстырылды, өсім – 50 гигакалория, бұдан өзге түтін құбырын ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі барлық су жылыту қазандығы газға ауыстырылды», - деп жазады қала әкімі.

Сондай-ақ, шаһар басшысы келесі жылыту маусымына дейін ЖЭО-3 және екі газ жылу станциясын қолданысқа беруді тапсырғанын мәлім етті.

«Бұл шаралар жылумен жабдықтаудың қазіргі қуатын едәуір арттыруға әрі құрылысы жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді», - дейді Жеңіс Қасымбек.