Елордаға 10 мың ағаш отырғызылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада өтіп жатқан жалпықалалық сенбілік барысында 10 мың ағаш отырғызылады. Бұл жайында қала басшысы Әсет Исекешев Фейсбукте жазды.

«Таза, қауіпсіз, жасыл қала» акциясы аясында, сенбілік өтіп жатыр. Шара барысында көшелерді жинауға және ағаш отырғызуға, өзендердің арнасын тазалауға баса назар аударылады», - деп жазды қала басшысы.

 

Сонымен қатар ол елорда Елбасының қаласы екендігін атап өткен.

«Астана - Президентіміздің қаласы. Елордамыз таза көшелер мен даңғылдар, аулалар мен тротуарлар, жасыл саябақтар мен гүлзарлар бойынша үлгі болуы керек. Қала әкімдігі елорданы көгалдандыру, гүлбақтар мен саябақтар санын арттыруды өз алдына міндет етіп отыр», - деп жазады Ә.Исекешев.

 

Оның айтуынша, Астанада дәстүр бойынша жыл сайын 20 мыңнан астам көшет отырғызылады, биыл Ботаникалық бақтың салынатынын ескерсек, бұл  екі есеге өсті. Бүгін Астанада жалпықалалық сенбілік барысында 10 мыңнан астам көшет отырғызылды, саябақтар мен гүлбақтардың аумағы тазартылады, жиналған қоқыс шығарылды.

 

«Осының барлығы халықтың күшімен және қолдауымен жасалуда. Бүгінгі шараға 89 мың қала тұрғыны қатысуда. Баршаңызға сенбілікке қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бәріміз бірге қаламызды таза әрі жайлы қыламыз», - деді қала әкімі.

 
 

Айта кетерлігі, қалалық билік елорданы көгалдандыру, барлық аудандарда және шағын аудандарда гүлбақтар мен саябақтар санын арттыруды өз алдына міндет етіп отыр. Астанада дәстүр бойынша жыл сайын 20 мыңнан артық көшет отырғызылады, биыл Ботаникалық бақтың салынатынын ескерсек, бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Сенбілікке қатысушылар «Алматы» ауданында ҚР Ұлттық музейі аумағына, «Есіл» ауданында - «Хан Шатыр» СОО айналасына, сондай-ақ, Еңбекшілер көшесінен «Тельман» тұрғын алабына дейін, «Сарыарқа» ауданында  Сарыбұлақ өзенінің жағалауына ағаш егіп жатыр.