Елордаға еңбек мигранттарының легі артуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордаға еңбек мигранттарының легі артуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Астана әкімі Ә.Жақсыбековтің төрағалығымен өткен елорда экономикасын жақсарту мәселелеріне арналған жиында қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов мәлім етті.

«Қала еңбек мигранттарынан түсетін бюджет кірісінен қағылуда. Жұмыс күшінің тек 25 пайызы немесе 17 мың адамның ғана ресми рәсімделетіндігі жайындағы факті бұл саланың көлеңкелі жақтарының жоғары екендігін көрсетеді. Бұған қоса, қалған 75 мың адамның біздің астанамызда жарты немесе 1 жыл қонақ болатындығына сенудің өзі қиын»,- деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, әлемдік экономикалық дағдарыстың күшеюі салдарынан елордаға, жалпы елімізге еңбек мигранттары легінің артуы болжануда.

«Сондықтан бұл жұмыстарды қазіргі уақытта дұрыс жолға қою маңызды. Оларды тіркеу және мониторингілеудің жекелеген тәртібін бекіту де қажет сияқты. Бұл жұмыстарды және көші-қон полициясымен бірлескен іс-шараларды дұрыс үйлестірген жағдайда ресми тіркелген еңбек мигранттарының және бюджет кірісі артуы мүмкін», - деді Ә.Сқақов.