Елордаға іргелес ауыл тұрғындары сумен қашан қамтылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда маңындағы 7 ауылды орталықтандырылған сумен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда 34 елді мекеннің ішінде елордалық аймаққа қарайтын 27 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қалған 7 ауыл бойынша орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Талапкер және Қажымұқан ауылдарында суды тарату желілері салынды. Оларды Кенжебай және Рахымжансай жер асты сулары кен орнынан су құбырына қосу (магистральдық су құбырын салуды бастау 2023 жылға жоспарланған) жоспарлануда», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Сонымен қатар, Премьер-Министр аталған елді мекендерде халықты сумен жабдықтау суды тазартудың кешенді модульдері арқылы жүзеге асырылатындығын атап өтеді.

«2023 жылы Целиноград ауданының Тайтөбе және Төңкеріс ауылдарында сумен жабдықтау жобаларын аяқтау және Шортанды ауданының Ключи ауылында құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарланған. Сондай-ақ, 2023 жылы Целиноград ауданы Қызылсуат және Аққайың ауылдарын сумен жабдықтау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр», - деді Әлихан Смайылов.