Қалаға келген туристердің 68 мыңы – шетелдік қонақтар. Сонымен қатар ірі халықаралық, мәдени және іскерлік іс-шаралар елордаға турист тартудың маңызды факторларының біріне айналып отыр.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Астана қонақ үйлері көрсеткен қызмет көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 21%-ға өсті.
Қала қонақтарының ыңғайлылығы үшін елордада 129 жаяу жүргінші көрсеткіші және Visit Astana ресми туристік порталына бағыттайтын QR-кодтары бар 93 ақпараттық пилон орнатылған. Порталдан Астана, қаланың көрікті жерлері мен туристік нысандары туралы қажетті ақпарат алуға болады.
Сондай-ақ қалада 2 туристік-ақпараттық дүңгіршек пен 5 Taxi Point терминалы жұмыс істейді. Астанамен өз бетінше танысқысы келетін туристер үшін 8 тілдегі аудиогидпен жабдықталған Red Bus экскурсиялық автобусы қатынайды.
– Қазір елордада туристер бара алатын 100-ден астам нысан бар. Қала қонақтарына экскурсия өткізетін 140-тан астам кәсіби гид жұмыс істейді. Сонымен қатар қолжетімді туризмді дамытуға ерекше назар аударылып, 5 инклюзивті туристік маршрут әзірленді, – делінген хабарламада.
Өткен жылы Астана ТМД елдері арасында Еуропалық қолжетімді туризм желісінің (ENAT) алғашқы мүшесі атанды.
Елордада іскерлік және оқиғалық туризм де белсенді дамып келеді. 2026 жылдың жеті айында қалада 957 іс-шара өткізілген. Әкімдік мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артқан. 2025 жылдың жеті айында 858 іс-шара ұйымдастырылған.
Биыл Астанада бірқатар ірі халықаралық іс-шара өтті. PGL Astana 2026 турниріне шамамен 25 мың адам қатысып, оның онлайн-аудиториясы 50 млн көрерменнен асты.
Comic Con Astana 2026 іс-шарасына шамамен 76 мың адам келген. Оның 12 мыңға жуығы – туристер.
Automechanika Astana көрмесіне 15 мыңнан астам адам қатысып, оған 45-тен астам елдің өкілдері келген. Ал Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесі 15 елдің өкілдерін жинады.
Айта кетейік, Балқаш биылғы шомылу маусымында 200 мыңға жуық турист қабылдады.