Бүгін елордалық жастар Сарыарқа ауданы тұрғындарының үйіне барып, аумақты қардан тазартуға көмектесті.
Жыл басынан бері акция аясында қаланың барлық аудандары бойынша жалғызбасты ата-әжелердің 40-тан аса жеке ауласында қар күрелді.
Еріктілердің жұмысы туралы қала тұрғыны Санат Мұсабеков пікір білдірді.
«Жастардың зейнеткерлерімізге көмектесіп жатқанын көріп, марқайып қалдық. Бұл өз кезегінде басқа адамдарға үлгі болады. Сондықтан ағам екеуміз де ауланы қардан тазартуға көмектесетін жақындары жоқ көршілерімізге қол ұшын беруге тырысамыз», — деді Санат.
Қайырымдылық акциясы жалпы қала мәдениетіне де әсер етеді.
Ештеңеге бей-жай қарамайтын тұрғындар игі іске қосылып жатыр.
Кез келген адам еріктілердің қатарын толықтыра алады.
Ол үшін «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының Instagram аккаунтына хабарлама жазу керек.
«Қайырымдылық істер марафоны» акциясы аясында сіздер біздің қатарымызды толықтырып, ерікті бола аласыздар. Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін есте сақтаңыз», — деді астаналық жастар.