Елордалық оқушы оқу үдерісін жетілдіретін жоба ойлап тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласындағы Шейх Халифа бен Зайд әл-Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейінің 9 «А» сынып оқушысы Алдияр Бекжан «Цифрлы мектеп» жобасын іске асырды. Бұл жоба білім беру процесін қазіргі заман талаптарына сай жетілдіруге және білім сапасын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

«Цифрлы мектеп» – ақпараттық технологиялар мен білім мазмұнын интеграциялаған кешенді жүйе. Жоба аясында дәстүрлі оқыту әдістері цифрлық платформалармен толықтырылып, интерактивті контент кеңінен қолданылады. Нәтижесінде қағазбастылық азайып, оқу процесін нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігі пайда болады.

Мектеп басшысы Самал Ботаханқызының айтуынша, оқушының бастамасы мектепте инновациялық ойлау мен технологиялық шешімдердің тиімді үлгісін көрсетеді.

Жүйенің негізгі ерекшеліктерінің бірі – интерактивті оқулықтар мен оқытуды басқару платформасының (LMS) енгізілуі.

Оқушылар 3D модельдер, бейнедәрістер және анимациялық тапсырмалар арқылы білімдерін тереңдетсе, мұғалімдер оқу процесін тиімді ұйымдастырып, тапсырмаларды онлайн қабылдап, жедел бағалай алады. Сонымен қатар робототехника, жасанды интеллект және виртуалды зертханалар күрделі пәндерді тәжірибелік тұрғыда меңгеруге мүмкіндік береді.

Жоба аясында Big Data аналитикасы маңызды рөл атқарады. Бұл технология әр оқушының үлгерімін талдап, жеке қабілеті мен білім деңгейіне сәйкес оқу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл оқушылардың дара дамуына жағдай жасап, олардың цифрлық сауаттылығын арттырады.

Бұдан бұрын қазақстандық оқушылар XV Еуропалық қыздар математикалық олимпиадасына қатысатынын хабарлағанбыз.