Елордалық жасөспірім шахматтан Қазақстан чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Coventry University Kazakhstan алаңында классикалық шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы 2026 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.

Фото: Астана әкімдігі

Ел біріншілігінде 15 жастағы астаналық шахматшы Сауат Нұрғалиев сенсациялық нәтиже көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Фото: Астана әкімдігі

Жас спортшы 13 тур қорытындысы бойынша 5 жеңіс, 8 тең ойын көрсетіп, бірде-бір партияда жеңілмей, 9 ұпай жинады.

Нәтижесінде ол Қазақстан чемпионы атанып, осы жылдың ең үздік шахматшысы атағын иеленді.

Сондай-ақ ерлер арасындағы жарыста тағы бір елордалық шахматшы Жандос Ақманов 8,5 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал қола жүлде алматылық Рамазан Жалмахановтың еншісіне бұйырды.

Фото: Астана әкімдігі

Әйелдер арасындағы дода соңғы секундтарға дейін тартысты өтті. Төрт шахматшының ұпайы тең түсіп, чемпион тағдыры қосымша көрсеткіштер мен тай-брейк арқылы шешілді. Рапид және блиц ойындарының нәтижесінде астаналық Меруерт Камалиденова күміс жүлдегер атанды. Бірінші орынды атыраулық спортшы Зарина Нұрғалиева иеленсе, қола жүлде шымкенттік шахматшы Елназ Қалиахметке бұйырды.

Айта кетейік, бұл чемпионат ұлттық құрамаға іріктеудің маңызды кезеңі саналады. Сондай-ақ жеңімпаздар Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда, соның ішінде Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетелік шахматшы Алуа Нұрман FIDE әлемдік рейтингісінде үздік үштікке енген еді