Елордалық аффинаждық зауыт 2019 жылы 25 тонна алтын өндіретін болады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылы елордалық аффинаждық зауыт 25 тонна алтын өндіретін болады, деп хабарлайды astana.kz.

2012 жылғы 3 шілдеде «Астана - жаңа қала» индустриялық паркі аумағында «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаждық зауыты құрылысының басталуының белгісі - капсула салынып, алғашқы діңгегі қағылған болатын. 2013 жылғы 19 желтоқсанда аталған зауыт Елбасының қатысуымен іске қосылды.

Жоба құнды металдарды аффинаждау саласындағы әлемнің үздік технологияларына сәйкес салынды. Осыған байланысты технологиялық процесте қолданылатын қондырғымен жиынтықта толықтай экологиялық қауіпсіздікті, құрамындағы қоспалар мөлшері жоғары сапасы төмен шикізат түрлерін қайта өңдеу мүмкіндігін, тауар өнімін тазартудың жоғары деңгейін, тазалығы кем дегенде 99,99% дайын өнім алуды қамтамасыз ететін электрохимиялық әдіс технологиясы да таңдалды.

Директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Жанар Рахимованың айтуынша, 2014 жылы зауыт Қазақстанның Ұлттық банкіне алтын валюта резервін толықтыру үшін сатылған 7 мың тоннаға жуық алтынды аффинаждады. Зауыттың 2015 жылғы жоспары - 10 тонна алтын мен 10 тонна күміс. Алдағы уақытта кәсіпорын қуаттылығы 25 тонна алтын мен 50 тонна күмісті құрайтын болады, бұған 2019 жылы қол жеткізілмек.

Зауытта жалпы, 74 адам, соның ішінде 56-сы өндірісте жұмыс істейді. Қайта өңдеуге арналған шикізатты 29 жабдықтаушы жеткізеді. 20 тонна шикізаттан орта есеппен 10 тонна таза дайын өнім шығады. Шикізат Қазақстаннан ғана: Қостанай, Ақбақай, Қарағанды кен орындары мен Шығыс Қазақстан облысы аумағынан алынады.

«Шикізат зауытқа келіп түскеннен кейін өлшеніп, сынама алынады. Талдау нәтижелері мақұлданған жағдайда, жабдықтаушыға ақы төленіп, материал технологиялық процеске түседі. Кәсіпорында 7 индукциялық пеш бар. Материал қайта балқытылып, гомогенделеді, нақты талдау үшін тағы да сынама алынады. Алтынның құрамына байланысты материал электрохимиялық аффинажға жөнелтіледі. Бұдан соң катодты алтын қайтадан алтынға балқытылады. Одан әрі түйіршектер индукциялық пештерге салынып, банк құймалары жасалады»,-дейді «Тау-Кен Алтын» ЖШС бас технологы Асқар Тлеулин.

Бір құйма алтынның салмағы 12 кг, құны - 500 мың доллар. Бүгінде зауытта салмағы 100 грамнан 1 килограмға дейінгі өлшейтін инвестициялық құймаларды шығаратын қондырғы бар. Жақын арада халыққа алтын мен күміс сату мүмкіндігі пайда болмақ.