Үлгілі отбасыларға медальді Қазақстандағы Ресей ынтымақтастық өкілдігінің басшысы Виктор Нефедотов тапсырып, құттықтады. Мерекеге марапатталған отбасылардың балалары, немерелері мен жақын достары шақырылды.
Марапат иелеріне арнап концерт ұйымдастырылды, онда «Раздолье» ансамблі орыс және казак әндерін шырқады, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы «Ладушка» ансамблі, «Энканто» аспаптық дуэті, М.Горький атындағы орыс академиялық драма театрының әртістері өнер көрсетті.
Бұдан бірнеше күн бұрын В.Нефедотов мұндай марапаттарды Петропавлда табыстаған. Енді шара Павлодар мен Алматыда жалғасын таппақ.
«Махаббаты мен адалдығы үшін» медалі - Ресейдің қоғамдық наградасы. Оны 25 жыл бірге отасқан, отбасының беріктігімен көрінген, махаббат пен адалдық ұялаған, балаларын қоғамның лайықты мүшесі ретінде тәрбиелей білген басқа да мемлекеттердің азаматтары ала алады.
«Махаббаты мен адалдығы үшін» медалінің бір жағында ежелден Ресейде отбасы мен некенің жебеушісі атанған киелі муромдық князьдер Петр мен Февронийдің бейнелері бейнеленген, оның астыңғы жағында: «Отбасы - ой мен істің бірлігі» деген жазу бар. Екінші жағында Ресейде ежелден махаббат нышанына айналған түймедақ гүлі бейнеленген.