Елордалық дағдарыс орталығы Халықаралық әйелдер күнін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығында Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өткізілген іс-шараның басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға моральдық қолдау көрсету, оларға сенімділік пен жан жылуын сыйлау.

Елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина мерекемен арнайы құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады, сол сияқты орталық қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады. Өз кезегінде орталық директоры Ғалихан Куканбеков те жиналған жандарды мерекемен құттықтап, демеушілерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, іс-шарада нәзік жандылар керемет қойылым көрсетті, ал балалары аналарына өз қолымен жасалған сыйлықтарын табыс етті.

Мерекелік концертті өткізуге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік Академиясы филармониясының әртістері қолдау көрсетті.