12:42, 15 Сәуір 2009
Елордалық денсаулық сақтау басқармасының басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық істің жаңа қырлары ашылуда
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордалық денсаулық сақтау басқармасының басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында бұрын жасалған жемқорлық әрекеттер анықталды.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Биылғы жылғы сәуірдің 7-інде қалалық №2 ауруханасы үшін мемлекеттік сатып алу шаралары барысында өкілеттігін асыра пайдалануына байланысты Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Темірлан Кәрібеков пен оның орынбасары Т. Әлмұхамбетоваға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Аталған заңсыз шаралар аясында мемлекетке келтірілген шығын 13,9 миллион теңгені құрағандығы хабарланған болатын. М.Жұманбай бүгінгі брифингте Т.Кәрібековтың бұның алдында да өкілеттігін асыра пайдаланған жаңа фактілері әшкереленгендігін айтты. «Мәселен, биылғы жылдың басында Астанадағы Онкологиялық диспансерге тендер өткізілместен, құны 31 млн. теңге болатын медициналық техникалар сатып алынған. Тергеу барысында жұмсалған қаржы көлемі нақтылана түсуі мүмкін», деді М.Жұманбай.