Елордалық департамент балықшыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Есен Байыров балықшыларды сақтық шараларын орындауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұзды ойып, балық аулау кезінде сіз шектеулі аймақта көптеген ұңғыма жасап, үлкен топтарға жинала алмайсыз. Аяқ астындағы мұз опырылған жағдайда тез әрі батыл әрекет ету керек. Қолды кең жайып, мұз бетінде ұстап, қатты мұздың бетіне шығуға тырысу қажет. Содан кейін арқада немесе кеудеде жатып, келген ізіңе қарай жылжу керек. Бұл әрекеттер кезінде көмекке шақыруды ұмытпаған жөн», - деді Е. Байыров елора әкімдігінің баспасөз орталығында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, брифинг кезінде мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Сонымен қатар Есен Байыров қай кезден бастап өзендегі мұз үстінде коньки тебуге болатынын айтты.

«Су айдындарында конькимен сырғанау алаңдарын пайдалануға мұздың беріктігін мұқият тексергеннен кейін рұқсат етіледі. Оның қалыңдығы кемінде 12 см, ал жаппай сырғанау кезінде кемінде 25 см болуы тиіс», - деді ол.