Елордалық емханаларда қан тапсыру акциясы өтті

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - №9 қалалық емханада үстіміздегі жылы алғаш рет Донор күні болып өтті.

Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады. Аталған іс-шараға қан құйылуына мұқтаж пациенттердің тағдырына немқұрайлы қарамаған 17 адам қатысты.

«Акцияны өткізудегі негізгі міндет - басқа адамдардың өміріне араша болу үшін қоғамды үнемі және ақысыз түрде қан доноры болуға шақыру. Бұл өзекті мәселелердің бірі, яғни үнемі және өз еркімен қан тапсыра отырып, басқалардың өмірін құтқаруға неғұрлым көп адамды жұмылдыру жайын қозғайды»,- деп хабарлады ведомстводан.

Басқарманың хабарлауынша, Астанада осы сияқты акциялар тұрақты түрде өткізіледі.

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстанда 200 мың литр концентрацияланған қан, 80 мың литр плазма, 60 мың литр құрамында эритроциттері бар орта және 18 мыңға жуық тромбоконцентрат әзірленеді.