Елордалық энергетиктер даниялық әріптестеріне ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Данияның Санкт-Петербор қаласындағы Бас консулы Клаус Серенсен бастаған делегация ресми сапармен Астанаға келді.

Сапар бағдарламасының алғашқы күнінде меймандар екі ірі энергетикалық нысанда - ЖЭО-2 және ЖЭО-3-те болды. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Астана Энергия» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Олег Уткин ЖЭО-2 нысанындағы жағдайға тоқталып, оны кеңейту және қалпына келтіру жұмыстары туралы айтып берді. Ресми делегация ЖЭО-3 құрылыс алаңында энергетикалық нысанның құрылысымен және Жобаны іске асыру жоспарларымен танысты.

Бұдан басқа, делегация «Хайвилл Қазақстан» ЖШС нысандарында, нақтырақ айтқанда, «Хайвилл Астана» ақылды үйінің құрылысында болды. Меймандар Басқару орталығы арқылы барлық процестерді бақылау, энергия тиімді және ресурс үнемдеу технологияларын пайдалану, жылу ағынын автоматты реттеу жүйесіне баса назар аударды.

Қала басшысының орынбасары Василий Крыловтың жетекшілігімен өткен дөңгелек үстел барысында орталықтандырылған жылумен қамтудың инновациялық тәсілдері және энергия тиімділікті арттыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Энергетика басқармасының хабарлауынша, жиналыс қорытындысы бойынша қазақстандық Жоғары технологиялық, энергия тиімді және инновациялық компаниялар қауымдастығы мен Жылумен қамту жөніндегі Дания кеңесінің арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.