Елордалық ІІД дүкендердің иелеріне 21 жасқа дейінгілерге алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынғаны туралы көрсеткіш тақтасын орнатуды ұсынды

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Елордалық ІІД дүкендердің иелеріне 21 жасқа дейінгі жастарға алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынғаны туралы көрсеткіш тақтасын орнатуды ұсынды. Бұл туралы бүгін қаланың қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Батырлан Есенбай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Б.Есенбай тамыздың 21-інен бастап «Денсаулық сақтау мәселелері жөнінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы күшіне енгендігін еске салды. Егер бұрын-соңды алкогольдік өнімдер 18 жасқа толмаған адамдарға сатылмаса, енді жаңа заңнама бойынша 21 жасқа толмағандарға сатылмайды. «Сонымен бірге, жұмыс күндері 23:00-ден 08:00-ге дейін, демалыс және мейрам күндері 24:00-ден 08:00-ге дейін алкогольдік өнімдерді сатуға сауда үйлерінде, барларда, мейрамханалар мен дәмханаларда ғана  рұқсат етілген. Аталған уақыттарда дүкендерде, шағын маркеттер мен киоскілерде сатуға тыйым салынған», - деп атап өтті басқарма бастығы.

Б.Есенбайдың айтуынша, Астана ІІД қызметкерлерінің талаптарын сақтау мақсатында прокуратурамен және кәсіпкерлік басқармасымен бірлесіп, жедел-алдын алу шаралары қолға алынған. Атап айтқанда, кеше 5 елордалық дүкенді тексеру барысында 19 жасар жасөспірімге сыра сату фактісі анықталды. Дүкеншіге әкімшілік хаттама толтырылды.