«Тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін компания жасалған ескертулерге қарамастан үй лифттерін есепке қою бойынша тиісті жұмысты жүргізбеген», - деп атап өтті медиа орталықтан.
Айта кетерлігі, 31 желтоқсан күні Тәуелсіздік көшесі 38/2 үйдің бірінші кіреберісіндегі ішінде 8 адам бар лифтіде келеңсіз жағдай болды. Тұрғын үй испекциясының мәліметінше, оқиға орнына тұрғын үй басқармасының басшылығы келіп, зардап шегушілермен және лифтінің құлау себебін анықтаумен айналысатын мүдделі органдардың өкілдерімен кездесті.
Қазіргі уақытта лифт жабдығын тыңғылықты техникалық сараптау жұмыстары жүргізілуде. Құлаған «GLIFT» маркалы лифті 2013 жылы Түркияда шығарылған және оған «Бегенов» ЖК сервистік лифті компаниясы қызмет көрсеткен. Бұл тұрғын үйдің басқарушы органы «Тоқабаев» ЖК және ол аталған сервистік компаниямен келісімшарт жасасқан.
«Астана қалалық тұрғын үй инспекциясы басқармасы өз кезегінде 2017 жылдың мамырында «Тоқабаев» ЖК-ге қауіпті техникалық құрылғыларды (лифтілерді) пайдалану барысындағы өндірістік қауіпсіздік нормаларын сақтау туралы ескертпені табыс еткен. Ал «Тоқабаев» ЖК «Азаматтық қорғаныс туралы» ҚР заңына сәйкес тұрғын үй инспекциясына лифтілерді есепке қою туралы жұмыстарды жүргізбеген», - деп атап өтті ведомстводан.
Есте болса, 2017 жыл бойы қала әкімінің тапсырмасымен елордада тұрғын үй испекциясы 500-ден астам лифтіге тексеру жүргізіп, нәтижесінде 25 ПИК пен лифті компанияларына қатысты әкімшілік ықпал ету шарасы қабылданған болатын.
«Тәуелсіздік көшесіндегі 38/2 тұрғын үйінің лифтісіне тексеру жүргізілген жоқ. Себебі тұрғындар тарабынан тұрғын үй инспекциясына өтініш түспеді. Сонымен қатар 2017 жылы жергілікті атқарушы органдар тарабынан Астанада 96 лифтіні ауыстыру жұмыстары жүргізілді, оның ішінде 23 лифті апатты жағдайда болды», - деді қалалық тұрғын үй инспекциясынан.