Елордалық қалыңдықтар мәһірге көбінде не сұрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы бірнеше айда әлеуметтік желілерде мәһірге түрлі қымбат сыйлық сұраған қалыңдықтардың видеолары тарады. Онда кейбірі шетелдік маркалы көлік сұраса, енді бірі мәһірін баспанамен алғысы келетінін мәлімдеген. Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев қазіргі елордалық қалыңдықтар мәһірге көбіне не сұрайтынын және оның берудің маңызы туралы айтып берді.

«Пайғамбарымыздың: Мәһірдің аз болғаны – абзалы, деген сөзі бар. Көп жағдайда бізге келетін жұптар мәһірге алтын алқа, жүзік, сырға, білезік сұрап жатады. Көлік сұрайды кейбіреулері. Бірақ олар жағдайы бар адамдар. Олардың алып бере алатыны көрініп тұрады. Алдын ала келісіп келеді негізі қыз бен жігіт. Сонымен қатар, телефон, тігін машинасы, компьютер сұрап жататындар бар. Киім сұрайтындар да кездеседі. Мәселен, күн суыта бастағанда некесін қидыртатын қалыңдықтар көбіне тон сұрайды. Арасында ештеме керек емес, тек жолдасым адал болса болды, деген талап қоятындар болады. Дегенмен ол рухани дүние. Ал мәһір материалдық, қаржылай және заттай беріледі. Ол рухани дүниеге жатпайды», - деді Бақытжан Өткелбаев.

Бұдан бөлек, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы жалпы мәһір берудің мәні мен маңыздылығына тоқталды.

«Мәһірді беру – ислам шариғаты бойынша міндет. Бұл қыздың құқығын қорғау болып есептеледі. Яғни, кепілдік. Егер ердің басына қандай да бір жағдай түссе, онда әйел азаматы сол мәһір арқылы өмірін сүріп, жалғастырып кетуі тиіс. Ол әйелді қорғау үшін шариғаттың қойған талаптары. Қандай жағдай болмасын, әйелде кепілдік зат болуы тиіс. Оны әйел қаласа қайтадан жолдасына табыстай алады. Сондай-ақ, оны өзінің ата-анасына немесе туыстарына бере алады. Осы орайда, уақытын келісіп алу маңызды. Мәселен, үлкен мәһір сұрайтын болса, онда оны осыншама жылға немесе өмірінің соңына дейін алып беруге уәделесе алады. Алла сақтасын, бірақ ажырасқанға дейін де алып беруіне болады.

Жалпы мешітке келген кезде біз түсіндіреміз. Кейбірі тіпті мәһірдің не екенін білмейді. Егер жігіттің жағдайы келмейтін болса, онда оны қарап, қалыңдық екеуін келістіріп, кеңес айтамыз», - деп атап өтті Бақытжан Өткелбаев.

Наиб имамның айтуынша, пайғамбарымыздың заманында мәһірдің ең аз құны 10 дирхам болған. Бұл сомаға ол кезде екі қой сатып алуға болатын деседі. Осыған сәйкес, қазіргі таңда мәһірдің ең аз мөлшері 2 қойдың құнынан кем болмауы керек. Ал оның ең қымбат әрі шекті бағасы жоқ.


Фото: alashainasy.kz