Қала әкімдігінің қолдауымен, аксессуарлар шығаратын астаналық «SKINWOOD» ЖШС компаниясы ең көп сұранысқа ие болған қорғаныс маскаларын өндіруді қолға алды.
«Мұны азаматтық позиция деуге де болады. Төтенше жағдай салдарынан көптеген кәсіпорын жабылып, адамдар табыссыз қалып жатқанда, жаңа бейін, жаңа бағыт таңдауға мәжбүр болдық. Командамыз тез арада шешім қабылдап, маска шығаруды ұйғардық. Қала әкімдігі де ұсынымызды қолдап, арнайы қонақүйге жайғастырды», - деді компания басшысы Әділхан Ахметов тілшілерге берген сұхбатында.
Осылайша, компания нарыққа қажетті тауар шығару, COVID-19 таралуының алдын алу, импорттың орнын басу, халықты жұмыспен қамту сынды бірнеше маңызды мәселелерді шешуге көмектесіп отыр.
«Сәуір айының басында маска шығару бастамасын ұсындық та, 5 күнде кәсіби тігіншілерден, технолог, инженерлерден команда жасақтадық. Олардың арасында медицина мамандары да бар. Себебі, карантинде барлық санитарлық нормаларды сақтау үшін медицина маманының болуы міндетті. Олар тұтас өндірістің, тауарлардың зарарсыздандырылған болуына, қызметкерлердің ауру жұқтырмауына жауапты. Күн сайын дене қызуын өлшеп, санитарлық-эпидемиялық нормалардың сақталуын, антисептикалық құралдардың болуын қадағалайды», - деді Ә. Ахметов.
Қазіргі уақытта компанияда 340 адам жұмыс істейді. Олар арнайы оқудан өткен және фармацевтикалық медициналық маска өндіруге лицензия алған.
«Яғни, біздің спанбонд - мельтблаун - спанбонд материалынан тігілген үш қабатты маскаларымыз барлық талаптарға сай келеді. Шикізатқа келсек, бұл біздің елімізде ғана емес, әлем елдерінің басты мәселесіне айналды. Біздің компания серіктестері арқылы белгілі бір көлемде шикізат алдырды. Әзірге, тәулігіне 100 мың, бір айда - 3 млн маскаға дейін шығаруға мүмкіндік беретін шикізат бар. Қазіргі уақытта 300 мың маска дайын және оны жергілікті дәріханаларға жөнелтуге дайынбыз. Жалпы масканың бағасын фармацевтикалық одақтар мен әкімдік 118 теңге деп бекіткен. Біз де сол бағаны ұстануға міндеттіміз», - деді ол.
Компания Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, карантинде өңірдің медициналық маскаға сұранысын қанағаттандыру және бағаны бір деңгейде ұстап тұру бойынша меморандум бекіткен.
«Пандемиядан кейін де сұраныс бірден азаймай, осы көлемде қалады деп ойлаймын. Әрине, қандай тәуекелге барып отырғанымызды да түсінеміз. Ең бастысы, төтенше жағдай біткен соң, нарықты зерттеп, шешім қабылдайтын боламыз», - деді Әділхан Ахметов.