Жоба екі кезеңнен тұрады. Алдымен әлеуметтік көмекке мұқтаж астаналықтар арасында сауалнама өткізілді. Содан кейін кәсіпкерлер осы отбасыларды аралап, ұн, жарма, макарон, өсімдік майы, қант, томат және т.б. азық-түліктер таратты.
«Жобаның мақсаты - халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына теңге бағамына түзетуден кейінгі кезеңде қол ұшын созу. Жуырда Мемлекет басшысы әлеуметтік жәрдемақы төлемдерінің ұлғайғанын мәлім еткен болатын, сондай-ақ, компания басшыларын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеруге шақырды. Елордалық бизнес қоғамдастық та қалыс қалмай, қиын экономикалық жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу туралы шешім қабылдады», - деп хабарлады Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мажитов.
Негізінен қайырымдылық акциясы толық емес және көп балалы, сондай-ақ, сырқаты ауыр балалары бар отбасыларға арналған. Алдағы уақытта тұрмысы төмен 200 отбасы әлеуметтік көмекпен қамтылады, ұйымдастырушылар акцияны одан әрі жалғастырмақ ниетте.