деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бірінші курс студенттерін бүгінгі мерекелерімен университет ректоры Айтбай Бұлашев құттықтады. Оның айтуынша, биыл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті 36 мамандық бойынша 1420 талапкерді қабылдады, оның 627-сі мемлекеттік гранттың иегерлері. Оқу ордасы ауыл шаруашылығы саласындағы - мал дәрігерлік, агрономия және агроинженерия мамандықтары бойынша қабылдауды жоспарға сай орындаса, зоотехния, аң және балық шаруашылықтарына түсушілердің саны, 2008 жылмен салыстырғанда керісінше аз болған.
«Оның себебі, қазір республикада ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауды 23 ЖОО жүзеге асырады. Кеңес Одағы уақытында олардың саны - 9 болды. Әрине, қандай салада болмасын бәсекенің болғаны дұрыс. Бірақ, мемлекеттен бөлінген білім гранттары осы 23 оқу орнының арасында таралып кетіп, кейбір университеттер қабылдаған студенттердің саны бір топқа да жетпей жатады», - деді ол.
ҚазАТУ өткен жылы 1 курсқа 1640 студентті қабылдады. 2009 жылмен салыстырғандағы төмен үрдіс, үстіміздегі жылы мектеп бітірген түлектердің санының аздығымен байланыстырылып отыр. Бүгінгі күні университетте жалпы 6500 жас білім алуда. Оның 60 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілген.
Іс-шара барысында 2008 жылы оқуға түскендердің арасында бір жыл бойы өткізілген «Жаңа ұрпақ» байқауының қорытындысы шығарылды. Оның мақсаты - Қазақстанның нағыз патриотын, өз құрбыларына үлгі боларлық студентті анықтау. Сондай-ақ ұтыс билеттері ойнатылып, бағалы сыйлықтар таратылды.