Бүгін БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында Астана қалалық ТЖД Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Эльдор Райымбеков өткен жылы орын алған оқиғалардың бірін айтып берді.
«Өткен жылдың ақпан айында Қабанбай батыр ауылына құтқару жұмысын жүргізу үшін аттандық. Абырой болғанда адамдар ұялы байланыс ұстайтын жерде болды. Әйтпесе, телефонсыз олар үсіп өлер еді. Көлікте емшектегі бала, кішкентай балалар да бар. Сол кезде адамдардың өз өмірлеріне немқұрайлы қарайтындығын түсіндім», - деді ол.
Оның айтуынша, қар құрсауында қалған адамдарды құтқару үшін елордадан жол талғамайтын екі көлік шыққан.
«Жолда бір көлігіміз шұңқырға түсіп кетіп, оны шығарып алғаннан кейін сол жерде тастап кетуімізге тура келді. Себебі әрбір секундымыз қымбат еді», - деп еске алады Э.Райымбеков.
Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мейрамбек Қайсановтың айтуынша, қыс мезгілінде тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жай-күйі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрақты бақылауда. Құтқарушылар «Көктем-2017», «Жер-2017», «Қоңыс-2017», «Қыс-2017» республикалық штабтық оқу-жаттығуларына қатысқан.
Жалпы өткен жылы Ақмола облысына қарасты елді мекендерде 108 адам қар құрсауынан құтқарылған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Биыл да төтенше жағдайлар қызметі жеке құрамының 670 маманы мен 430-дан астам техникасы кез келген оқыс жағдайда көмек көрсетуге дайын.