Елордалық мәйітхананың бас есепшісі бюджет қаражатын қымқырғаны үшін 5 жылға сотталды - Қаржы полициясы

None
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - «Патологоанатомиялық бюро» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының бас есепшісі 15 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын қымқырғаны үшін жалпы режимдегі түзеу колониясына 5 жылға кесілді,

деп хабарлады Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінен.

Астана қалалық қаржы полициясы мәйітхананың бас есепшісі Д.Өтегеноваға қатысты қылмыстық істі тексеруді аяқтады. Лауазымды тұлға болып табылатын Д.Өтегенова кәсіпорынның кассасынан жалпы есепте 15,6 миллион теңге бюджет қаржысын қымқырған.

«Астана қаласы №2 сотының үкімімен Д.Өтегенова ҚР Қылмыстық кодексінің 176-шы бабы 3-ші тармағы «б, г» тармақшалары бойынша (өзіне сеніп тапсырылған мүлікті қымқырғаны және талан-таражға салғаны үшін) кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі түзеу колониясына 5 жылға кесілді. Ол сондай-ақ, 3 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айрылды», - делінген ресми хабарламада.