Университетте білім нәрін сусындап, оқу орны жанында жұмыс істейтін Қоғамдық мамандықтар факультетінде шығармашылық талаптарын шыңдап жүрген студент-жастар, Наурыз мейрамын қарсы алу, оны ел, әулет болып атап өту ғұрпын сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық ойындарын әнмен, бимен жеткізді.
Қазылар алқасының назарына сонымен бірге, қазақтың қара шаңырағы - киіз үйдің ішіне қойылған құрал-жабдықтар, ұлттық бұйымдар, ат әбзелдері, қару-жарақтар және тағы басқалары ұсынылды. Сондай-ақ олар Наурыздың басты тағамы - наурыз көжеден ауыз тиіп, басқа да ұлттық тағамдардан дәм таптты.
«Астана қаласы әкімшілігінің жанынан Наурыз мейрамын атап өтуді бағалау бойынша 14 жұмыс тобы құрылды. «Армысың, әз-Наурыз!» қалалық құрылымдар арасындағы дәстүрлі байқау. Ол жоғары оқу орындары, орта мектептер, медициналық мекемелер, қалалық кәсіпорындар мен ұйымдар арасында өткізіледі. Байқау жеңімпаздары жеке-жеке салалар бойынша анықталады, солардың ішінде - жоғары оқу орындары», - деп атап өтті Тілдерді дамыту басқармасының өкілі Гүлбадан Тәуел.
Қазылар алқасы бұған дейін жоғары төрт оқу орнында, атап айтқанда Қазақстан-Ресей университетінде, Астана Медициналық университетінде, Еуразия гуманитарлық институты мен «Тұран-Астана» университетінде болды. Олар барлығы 14 ЖОО мен 32 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне ат басын тіремек.
Байқау жеңімпаздары 26 наурыз күні салтанатты жағдайда марапатталатын болады.