Елордалық мүгедек қоларбада билеуден халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық мүгедек қоларбада билеуден халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды. Күміс медальмен қатар астаналық биші Ардақ Оторбаев әлем чемпионатында ел намысын қорғауға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Финляндияның Тампер қаласында қоларбамен билеуден халықаралық лицензиялық турнир аяқталды. Жарыс 1-5 тамыз аралығында өтті, оған әлемнің 12 елінен кәсіби биші спортшылар қатысты», - деді астаналық мүгедек жандарға арналған спорт мектебінің баспасөз хатшысы Карина Дүйсенова.

Оның айтуынша, аталған турнирде елордалық спортшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ардақ Оторбаев жеке өнер көрсетуде күміс жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар, ол осы жылы өтетін әлем чемпионатының лицензиясын ұтып алды.

«Санаулы күннен соң әлем чемпионатына қызу дайындықты бастаймыз. Ардақ турнир қатысушылары арасында өзін жоғары дейгейде көрсете білді. Ендігі мақсат - әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсету. Ол үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтеді» - дейді ҚР Еңбек сіңірген спортшысы, әрі жаттықтырушы Әлия Түсіпбекова.