Елордалық оқушылар қандай платформалар арқылы білім алып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова елордалық оқушылар қандай платформаларда білім алып жатқандығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласының орта білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды жүзеге асыру үшін синхронды және асинхронды сабақтарды өткізу мүмкіндігі бар Bilimland немесе OnlineMektep және DarynOnline отандық интернет платформалары пайдаланылады», - деді ол елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Bilimland (OnlineMektep) – оқушы, мұғалім және ата-аналармен тығыз қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін қашықтықтан оқыту жүйесі. Сабақ кестесі, тапсырмалар порталға жүктеледі. Оқушылар платформаға кіріп қажетті тақырыпты таңдайды, сонымен қатар сабақтың конспектісімен таныса алады. OnlineMektep.org-тың мазмұны мектеп пәндері бойынша 100 000-нан астам жаттығулары бар 5700 сабақтан тұрады. Бүгінгі таңда 62 мектеп келісімшарт жасап, осы платформада белсенді жұмыс істеуде. Ал Daryn.online – қашықтықтан білім беруге арналған платформа. Онда оқушылардың деректерін хакерлік шабуылдардан қорғаудың жоғары дәрежесін растайтын халықаралық сертификат бар.

Daryn.online-ның мазмұны 6500 сабақ пен 65 000 тест тапсырмаларын қамтиды. Бүгінгі таңда 40 мектеп келісімшартқа отырды.

«Сондай-ақ, барлық білім беру ұйымдарының педагогтары мен оқушылары MicrosoftTeams бағдарламасын тегін пайдалана алады. Бүгінгі күні OnlineMektep алаңында 37 мыңға жуық, DarynOnline платформасында 28 мыңға жуық синхронды сабақтар өткізілді. Kundelik.kz жүйесі үй тапсырмаларын беру және кері байланыс қызметін атқарады», - деді Шолпан Қадырова.