Елордалық полицейлер есірткіге қарсы скринингтен өтті
Отырыс барысында депутаттар Қостанай облысында ұсталған полиция қызметкерін мысал етіп, басқарма басшысына «Астана бойынша есірткімен күресетін органның қатарында осындай қызметкерлер анықталды ма және оның алдын алу үшін не істеліп жатыр ?», деген сауал қойды.
«Қостанай облысындағы оқиғаға қатысты ештеңе айта алмаймын. Мен тек өз басқармама жауаптымын. Біз қауіпсіздік қызметімен бірге тұрақты тексеру жүргіземіз. Біз таяуда басқарма қызметкерлерін скринингтен өткіздік. Оның нәтижесі қызметкерлердің ешқайсысы есірткі тұтынбайтынын көрсетті. Иә, қауіпсіздік қызметімен бірге мұндай фактілерді анықтаймыз. Мәселен, біз патрульдік полиция қызметкерлерін ұстадық. Олар есірткіні жасырып кетушілермен байланысты болған. Егер бізде күдік болса, тексеріс жүргіземіз. Қандай да бір полицейдің есірткі қылмысымен байланысы болса, біз оны жауапқа тартамыз. Егер бізде оның осындай қылмыстармен енді айналыса бастап жатқаны туралы мәлімет болса және ол нақты дәлелденбеген болса, онда біз қауіпсіздік қызметімен бірге шешім қабылдаймыз. Жанама қатысы барларды құпия қаулымен жұмыстан босатамыз», - деді Рустам Ғазизов депутаттар сауалына жауап бере отырып.
Оның мәлімдеуінше, полиция органдары есірткі қылмыстарын ашуда ІТ мамандардың қызметіне көп жүгінеді. Өйткені, ұйымдастырушылар «синтетиканы» өзге елдерде отырып, интернет-дүкендер арқылы саудалайды. Ал, Қазақстанда тек есірткіні жасырып кететіндер мен оны жеткізетіндер ғана жұмыс істейді.