Елордалық полицейлер гараждан гашиш есірткісін тапты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер аса ірі көлемдегі есірткі заттарын өткізу арнасын жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұзақ мерзімді арнайы жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде 39 жастағы азамат ұсталған.

«Кинологиялық қызмет орталығының иттерін пайдалана отырып тінту барысында «Мирный» гараж кооперативінен полиэтилен қап табылды. Оның ішінде «гашиш» есірткі заты болған. Сатуға дайындалған заттың салмағы - 25 келі», - деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Акбаров.

Тәркіленген есірткіні тұтыну көлемі 5000 бір реттік дозаны құрайды. Құны «қара нарықта» 30 миллион теңгеге жетеді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Күдікті өз кінәсін мойындады. Елорда аумағында есірткі жеткізуге және өткізуге қатысы болуы мүмкін басқа да адамдар анықталуда», - деп толықтырылған департаменттің б аспасөз қызметі таратқан хабарлама.