Елордалық полицейлер пәтер ұрыларын құрықтады

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Республика бойынша өтіп жатқан 'Пәтер' жедел алдын алу іс-шарасы барысында Астана қалалық ІІД Криминалдық полиция қызметкерлері ұрылар тобын құрықтады. Аталған ведомствоның мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораздың айтуынша,

Астана аумағында есік құлыптарын бұзу арқылы пәтер тонаумен айналысқан ұрылардың Екібастұз қаласының тұрғындары екендігі анықталған.

"Олардың жеке заттарын тексеру барысында елорда пәтерлерінің бірінен жоғалған мүліктер мен қылмыс құрал-жабдықтары табылды. Сонымен қатар ұсталғандардың тұрып жатқан жерлерін тексеру барысында ұрланған алтын бұйымдар, тұрмыстық және оргтехникалар табылды", дейді ол.

"Қолға түскен азаматтар бұған дейін де түрлі санаттағы жасаған қылмыстары үшін жазасын өтегендер екендігі анықталды. Олар жасаған қылмыстарын мойындап отыр. Қазіргі уақытта олардың басқа да қылмыстарға қатыстығын тексеру жұмыстары жүргізілуде", деп атап өтті Н.Ораз.