Елордалық полиция қызметкерлері пәтер тонаған қылмыстық топты ұстады

АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше кешкі уақытта елорданың Алматы ауданына қарасты үйлердің бірінде пәтер тоналды. К. есімді азаматтың пәтерін бұрыннан торуылдап жүрген ұрылар үшін есік құлпын ашу еш қиындық тудырмаған,

деп хабарлады Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.

Сыртқы есікті құлпына дәл келетін кілтпен ашқан үш адамнан тұратын қылмыстық топ үйдегі бағалы заттарды, оның ішінде алтын және зергерлік бұйымдарды алып кеткен. Үйіне оралған пәтер иесі бағалы заттардың жоғалғандығын көріп, бірден полициядан көмек сұрап хабарласқан.

Астана қалалық ІІД-нің қылмыстық іздестіру қызметкерлері «Алматы» аудандық ІІБ-ның іздестіру бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып, санаулы сағат өткеннен кейін «ВАЗ 21099» маркалы көлігін ұстады. Автокөлікті тексеру барысында салонда жәбірленушіден ұрланған заттар табылды.

Қазіргі кезде елордалық департаменттің қылмыстық іздестіру бөлімі қызметкерлері ұсталған топтағы тұлғалардың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылықтарын анықтау мақсатында тексеру жүргізуде.