Елордалық сақшылар алаяқтықпен айналысқан екі бойжеткенді құрықтады

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елорданың құқық қорғау органдарының қызметкерлері алаяқтықпен айналысқан екі бойжеткенді құрықтады. Бұл туралы Астана қалалық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің аға инспекторы Эльмира Шәуленова мәлім етті.

Оның айтуына қарағанда, Алматы аудандық ішкі істер бөліміне елорда тұрғындарының бірі өзінің пәтерінен жалпы сомасы 170 мың теңгені құрайтын алтын бұйымдарының жоғалғаны туралы арыз түсірген. Елордалық полиция қызметкерлерінің тергеу жұмыстары барысында, арызданушы үйінде болмаған кезде өздерін медициналық дәрі-дәрмектер таратушылармыз деп таныстырған екі бойжеткен оның кәмелеттік жасқа толмаған балаларын алдап үйге кірген. Олардың бірі балалардың көңілін аулап, сөзге тартып тұрғанда, екіншісі алтын бұйымдарды ұрлау ісіне кіріскен.

«Қолға түскен 18 жастағы екі алаяқтан жауап алу барысында, олардың бұған дейін де осындай қылмыстар жасағаны әшкере болды», дейді Э.Шәуленова.

Қазіргі уақытта қолға түскендер уақытша оқшаулау орнына қамалып, ол бойынша қылмыстық іс қозғалды.