Биыл әкімдік барлық елорда тұрғындарына арналған тегін спорттық жаттығуларды «Астаналық», «Ботаникалық бақ», «Жерұйық» және «Жетісу» сияқты төрт саябақта өткізеді.
Кәсіпқой мамандар жетекшілік еткен бұқаралық жаттығу сағат 10:00-12:00 аралығында өтеді. Алғашқы сабақ алдымен Астаналық саябақта өтеді, ал қалған саябақтар шараға 2 маусымда қосылады. Жексенбілік жаттығулар тамыз айының соңына дейін жалғасады.
«Жазда «Fitness Park Nur-Sultan» тегін спорт жаттығулары төртінші жыл қатарынан өткізілмек. Ол үшін жыл сайын кеңінен танымал спорт түрлері таңдалады. Биылғы жаттығулар мынадай спорт түрлерінен өтеді: CrossFit, йога, бокс, бразилиялық джиу-джитсу, Zumba, үстел ойындары (дойбы, шахмат) және топтық жүгіру», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
Дәстүр бойынша «Fitness Park Nur-Sultan» ауқымды жаттығулары Астаналық саябақта өткізіледі. «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында жаппай спорттық шаралар СrossFit, джиу-джитсу және Zumba, Ботаникалық бақта - СrossFit, джиу-джитсу, Zumba және топтық жүгіру бағыттары бойынша өткізіледі.
Сонымен қатар, 20 мамырда, елордалық саябақтарда балалар ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады. «Саябақтың 7 ғажайыбы» үш жылдан бері кішкентай елорда тұрғындары мен қонақтарына қуаныш сыйлап келеді. Балалардың сүйікті кейіпкерлерінің кейпіндегі аниматорлардың қатысуымен өткізілетін шоу «Астаналық», «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында күніне екі рет өткізіледі.
«Саябақтың 7 ғажайыбы» шоу-бағдарламасының кестесі Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының @madeniet_sport.nursultan Instagram аккаунтында жарияланады.