Елордалық түнгі клуб иелері мен Есірткі бизнесімен күрес басқармасы меморандумға қол қояды

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Есірткі және есірткі бизнесімен күрес бағдарламасы Астана қаласы аумағында 2012 жылдың сәуірінде қабылданды.

 Бағдарламада шешімін күткен ең басты түйткілдің бірі - қаланың оқу орындары мен ойын-сауық мекемелерінде есірткінің  таралуы болып табылады.  Кеше Астана қаласының есірткі бизнесімен күрес басқармасы өкілдері мен қаланың түнгі ойын-сауық мекемелері әкімшілігінің  жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

«Қаланың ойын-сауық мекемесі аумағында есірткілерді сату фактісі тіркелді. Атап айтқанда,  мейрамханалардың бірі  келушілер кальян арқылы шеккен гашиш сатты.  Сондай-ақ, түнгі клубтардың бірінің бармені желіктіретін таблеткаларды сату кезінде ұсталды, - деп мәлімдеді кездесу кезінде Басқарма бастығы  Вадим Алтынбеков.

Осы түйткілдер мен қиындықтарды шешу мақсатында ол түнгі клубтар мен мейрамханалар және басқа да ойын-сауық мекемелері басшыларына мекемелеріне келетін есірткінің жолын кесу үшін өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды ұсынды.  «Біз өз тарапымыздан  есірткі қолданғандарды кірерде анықтайтын күзет  қоюға көмектесеміз.  Сондай-ақ, ойын-сауық мекемелерінде есірткінің зияндылығы туралы слайдтар көрсетіп, үлестіру материалдарын таратып,  алдын алу іс-шараларын өткізе алар едік», - деді  Вадим Алтынбеков.

Өз кезегінде түнгі клуб өкілдерінің  бірі Наталья  өз мекемесінде жүргізілген есірткі таратуға қарсы  кейбір іс-шаралар туралы әңгімелей келіп: «Біз наркологиямен келісімге отырдық. Дәрігерлер тұрақты түрде келіп барлық қызметкерлерімізді  есірткі заттарын қолдану мәселесінде тестіден өткізеді»,-деді.

Алайда, қиындықтар да бар. Түнгі клубқа әкелінетін есірткі заттарын түгел бақылау мүмкін болмай отыр.

«Тексеру кезінде келушілерден табылған кез келген препараттар - мейлі ол аналгин болсын,  мейлі ол валерианка болсын  клубқа жіберілмейді.  Дегенмен, біздің  келушілердің қол сөмкесінің ішін ашып қарауға,  іш киімдерін тексеруге құқымыз жоқ. Сондықтан мен есірткімен күрес басқармасы қызметкерлеріне түнгі клубтың картасын толық ашып көрсетуге әзірмін. Олар өздері келушілерді жан-жақты тексерсін», - дейді түнгі клуб өкілі.