Елордалық университетте Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне арналған фестиваль өтті

None
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде 1-ші Мамыр -Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесін атап өту мақсатында факультетаралық фестиваль өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үш күнге созылған фестиваль барысында корей, шешен, беларус, неміс, поляк, татар, украин, орыс, барлығы 26-дан астам ұлттың дәстүрі мен мәдениеті сахналанды. Студенттер әр мемлекеттің нышанын, ұлттық салт-дәстүрін, киім үлгілері мен ұлттық тағамдарын таныстырып, ән мен билерін тарту етті. Сондай-ақ әр факультет өзі сахналаған ұлттың тұрмыстық құрал-жабдықтары, қарулары мен ұлттық киімдері, сәндік бұйымдары мен музыкалық аспаптары қойылған көрме ұйымдастырды. ҚазАТУ қабырғасында жыл сайын атап өтілетін мерекенің биылғы жылғы өзгешелігі, қазылар алқасы өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білу деңгейлерін де бағалады. Жастардың өнерін тамашалауға, оларға іс-шараға дайындалуға жан-жақты қолдау көрсеткен татар, беларус, неміс, казак, шешен-ингуш және тағы басқа Ұлттық- мәдени орталықтардың өкілдері келді. Фестиваль кеше, сәуірдің 29-ы күні өткен гала-концертпен тәмамдалды. Ол Қоғамдық мамандықтар факультетінің қойылымындағы қазақ халқының «Беташар» салтымен басталды. Гала-концертке таңдап алынған өзге ұлт өкілдерінің үздік нөмірлері жастардың отау құру тойында тағы бір рет сахналанды. Әділқазылар алқасының шешімімен бірінші орынды агрономиялық және компьютерлік жүйелер мен кәсіптік білім беру факультеттері өзара бөлісті. Екінші орынды жерге орналастыру, үшінші орынды экономикалық факультет иеленді. Жастар қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды.