11:16, 30 Наурыз 2009
Елордалық университетте Наурыз мерекесі аталып өтті
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен демалыс күндері Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесін атап өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Келген қонақтар университет ауласына тігілген киіз үйге қойылған тұрмысқа қажетті ұлттық бұйымдар, ат әбзелдері, ер-тұрман, аңшылық құрал-саймандары мен қазақ халқының ежелгі дәстүрінен хабардар ететін құрал-жабдықтарды тамашалады. Ұйымдастырушылар халқымыздың Наурыз мейрамын әнмен және бимен атап өту салтын ұмыт қалдырмай, арнайы әзірленген мерекелік бағдарламаны да тарту етті. Сондай-ақ ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртып, оны жас буын арасында кеңінен насихаттау мақсатында «бет ашар» салтынан көрініс қойылып, шашу шашылды. Той-думанды қызықтауға келген әрбір елордалық наурыз-көже, бауырсақ және палаудан дәм татты. Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Александр Майердің айтуынша, мереке оқу орнының студенттері мен оқытушыларына көктемнің - Наурыздың келгенін сездіріп, оны бір үйдің адамындай көтеріңкі көңіл-күймен бірлесіп атап өту мақсатында ұйымдастырылды. «Өйткені Наурыз - адамдарды ауызбіршілікке,татулыққа үндейтін мейрам», дейді ол. Күштерін сынап көремін деушілер арнайы дайындалған алаңда қазақша күрестен белдесіп, кір тасын көтеру және тоғыз құмалақтан сынға түсті.