Салтанатты шараға елордалық үздік оқушылар мен олардың мұғалімдері қатысты. Олимпиада жеңімпаздары алдағы уақытта жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысатын Астана командасының құрамасына кіреді.
Қалалық олимпиада 5-6 қаңтарда өтті, оған 694 оқушы қатысты. Оқушылардың білімін елордалық ЖОО жетекші оқытушылары бағалады. Қазылар алқасының шешімімен 280 оқушы жүлдегер атанды, соның ішінде 43 оқушы - І орын, 99 оқушы - ІІ орын, 138 оқушы ІІІ орын алды.
«Қалалық деңгейдегі олимпиада жүлдегерлерін бүгін марапаттадық. Осы 280 бала енді республикалық олимпиадаға барады. Бүгін оларды құттықтап, марапаттап, ақ жол тілеп, шығарып салдық. Астана қаласының командасы 9 рет бірінші орын алды. Балалар Астана қаласы бірінші орын алады деп уәде берді», - деді Астана қаласы білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева.
Оқушылардың жеңіске жетуіне мұғалімдер де елеулі үлес қосады. Олимпиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте №60 мектеп-лицейі ІІІ орын, дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебі ІІ орын, дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейі І орын алды.
Білім додасының символы - дәстүрлі ауыспалы «Мудрая Сова» дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейіне тапсырылды.