ҚазАқпарат тілшісі 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай жас зерттеушімен әңгімелескен еді.
28 жастағы Динара Успанова биология мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура және аспирантураны тәмамдаған.
«Еңбек жолымды вирусологиялық зертханада лаборант болып бастадым. Қосымша магистратурада оқып жүрдім. Әсіресе менің вирусолог ретіндегі жұмысым пандемия кезінде қыза түсті. Пандемия кезінде мен Астанаға көшіп келіп жұмыс істей бастадым. Қазір елордадағы зертханалардың бірінде бактериолог дәрігер болып еңбек етудемін. Сонымен қатар биология ғылымының кандидаты атану үшін диссертация қорғағалы жатырмын», - деді Динара Успанова.
Одан бөлек, Динара мамандығы бойынша 8 наурыз мейрамына арналған байқауға қатысып жатыр.
«8 наурыз халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында жұмыста қыз-келіншектер арасында байқау өтіп жатыр. Осы орайда бактериялардан ұлттық оюлар жасау идеясы келді. Өзіңіз білетіндей, қазақта әр оюдың өзіндік мағынасы бар. Оның үстіне ою қолөнер түріне жатады, ал қолөнермен көбіне әйел заты айналысады. Қолөнерші нәзік жандар әр оюды орнымен қолдана білген. Сол сияқты бактериялардан оюлар жасауда этнограф, психолог маманмен ақылдасып, оюлардың тарихына қатысты біраз ақпарат жинадым. Бактериялардан оюлар жасау әдісі қиын емес. Микробиология ғылымының классикалық әдісі қолданылады», - дейді биолог.
Зерттеушінің айтуынша, оюлар зертханалық жағдайда қауіпсіздік ережелері сақтала отырып жасап шығарылды. Кейін бактерияларды қауіпсіздендіру жою талаптарына сәйкес жүргізіледі.
«Шығармашылық жұмысқа ішек бактериялары қолданылды. Олар қоршаған ортада кездеседі, су қоймаларында да болады. Сонымен қатар ішек бактериялары адам ағзасы мен жануарларда да бар. Жалпы мен бұған дейін де түрлі деңгейдегі байқаулар мен ғылыми жобаларға қатысып келемін», - деді жас ғалым.
Сондай-ақ, маман бактериялардан оюлар жасау көпшіліктің қызығушылығын тудырғанын айтты.
«Ғылымнан бөлек, еліміздің тарихы, мәдениеті мен ұлттық әдеп туралы қызығып оқимын. Әр адам өзінің шыққан тарихы мен мәдениетін білу керек деп санаймын. Мен қазақ деген ұлы халықтан шыққаныма мақтанамын. Бос уақытымда көркем әдеби туындыларды оқығанды және таза ауада серуендеуді ұнатамын. Қолөнер және спортпен шұғылданамын», - деп толықтырды Д. Успанова.